Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен бүгінгі әкімдік отырысында 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу барысы, осы жылдың 9 айындағы бюджет қаражатының игерілуі, өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылуы сияқты мәселелер қаралды, деп хабарлайды F16.kz порталы ШҚО әкімдігіне сілтеме жасап.
Жиында баяндама жасаған ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаев 2030 жылға дейін облыс бойынша жылына 9 774 тонна тауарлы балық алу жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде 8 578 тонна албырт, 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері бар. Соңғы 4 жылда өңір бойынша 6,2 мың тонна тауарлы балық өсірілген.
Ал облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Ахметнабиеваның айтуынша, 2025 жылдың тоғыз айында республикалық бюджеттен түспеген трансферттерді есепке алмағанда, шығыстар бойынша өңір бюджеті 99,6%-ға орындалған. Жылдың аяқталуға таяп қалуына байланысты қалалар мен аудандардың әкімдері, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мониторинг жүргізіп, қаражатты уақтылы және сапалы игеру жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова бүгінде аймақ бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,3%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық – 4,8% шамасында екенін айтты. 2025 жылы Шығыс Қазақстандағы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 28 631 жұмыс орнын (оның ішінде 19 447 тұрақты, 9 184 уақытша жұмыс) құру жоспарланған.
– Мемлекет басшысының «10 мың еңбекке қабілетті халыққа 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша 8 379 тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп, 7 109 орын немесе жылдық жоспардың 85%-ы орындалды. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 249 грант берілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 386 адам қамтылды, – деп хабарлады басқарма басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов аудан, қала әкімдерін халықты жұмыспен қамту міндеттерін уақтылы орындауды, Зайсан және Катонқарағай аудандарында салынып жатқан 2 әуежайды білікті кадрлармен қамту мақсатында «Өскемен әуежайы» АҚ базасында жұмыссыз жүрген адамдарды арнайы оқытуды тапсырды.




