Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл жолы Шығыстың бас шаһарындағы әскери бөлімі еліміздің 10 облысынан жиналған 400-ден астам жас сарбазбен толықты.
Әскери борышты өтеу – Қазақстан Қарулы Күштерінің ұлттық қауіпсіздігі мен ел тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сарбаздардың ант қабылдауы өз елін қорғауға және кез келген жағдайда адал болуға дайын екенінің дәлелі, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Кисенов.
Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне алғаш рет жас сарбаздар буыны да қатысты. №49 жалпы білім беру мектебінің 4-сынып оқушылары қатардағы жауынгердің ант қабылдау сәтін тамашалап, елге қызмет етудің жауапкершілігіне куә болды. Балалар Отан қорғаушылардың мәртебелі міндеті, тәртіп пен батылдықтың маңызын терең сезініп, өздері де «Жас сарбаз» антын қабылдады.
Әскер қатарына енді қабылданған жас жауынгерлер алғашқы әскери дайындық кезеңінен өтіп үлгерді. Олар қарумен жұмыс істеп, тактикалық әрекет етуді үйренді, саптық талаптар және әскери жарғылармен танысқан.
Мен Отаныма адал қызмет етуге ант бердім. Осы антымды бір жыл көлемінде абыроймен орындап шығуға ниеттімін, – деді қатардағы жауынгер Ақылбек Рахимболов.
Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да куә болды.




