Риддер қаласының спортшылары 2025 жылды жемісті аяқтады. Кеншілер шаһарының саңлақтары қалалық, облыстық бәсекелерді айтпағанда, республикалық, халықаралық ареналарда олжа салып, биіктен көрінді, деп хабарлайды F16.kz.
Осы жылдың жаңалығы деп арқан тартушылардың триумфын айтуға болады. Бұл спорт түрінен қала командасы облыстық чемпионатта, халық ойындарында, республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды жеңіп алып, Қырғызстанда өткен байрақты бәсекеде топ жарды.

Адаптивті спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Параармрестлинг спортшылары Риддер қаласының беделін Азия чемпионаты мен Әлем кубоктарында абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болды. Соның арқасында бірқатар спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды, ұлттық біріншіліктерде бірнеше мәрте жеңіске жетті.
Риддердің ұлттық спортта да ұпайы түгел. Аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу сияқты сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, халық ойындарда ат спортынан қала командасы үздік үштіктен табылды.
Акробатика мектебінің өкілдері ондаған гран-приге, алтын және күміс медальдарға қол жеткізіп, республикалық, халықаралық деңгейде танылды. Астанада, Ресейдің Мәскеу, Сочи қалаларында өткен беделді жарыстарда қол жеткізген жүлделер соның айқын дәлелі.

Көркем гимнастиканы серік еткен спортшылар сегіз облыстық, екі халықаралық турнирде Риддердің намысын абыроймен қорғап, үздіктер қатарынан тұрақты көрініп келеді.
Балалар футболы да жақсы дамып келеді. Қала клубы ондаған жас ойыншыны облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға шығарып, олардың көпшілігі жеке аталымдар бойынша «үздік спортшы» атағына ие болды.

Жыл XIII халық ойындарындағы жарқын табыстармен қорытындыланды. Риддер қаласының спортшылары шахмат, дойбы, арқан тартыс, президенттік көпсайыс, үстел теннисі және садақ атудан жүлделі орындарға ие болып, көкпар мен қазақ күресінен жоғары нәтижелер көрсетті.
Риддер спортшылары бұл жеңісті жолды ары қарай жалғастырып, жетістіктерді еселей түсу үшін тынбай еңбектенуге бел буып отыр. Бүгінде спорт әрбір қала тұрғынының өмір салтына айналды.




