Шығыс Қазақстанға келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Қаңтар–қыркүйек аралығындағы көрсеткіш бойынша өңірге келген шетелдік туристер саны 14,5 мыңға жеткен. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов облыс әкімдігінің отырысында айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, тоғыз айдың ішінде өңірге 365,5 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға артық.
Өңірге деген қызығушылық туристер тарапынан ғана емес, инвесторлар тарапынан да артып келеді. Бұл туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, жеке инвесторлар есебінен Алтай қаласында «Dostyk» қонақүй-мейрамхана кешенінің құрылысы аяқталып, Катонқарағай ауылында «Баян» қонақүйі қайта жаңғыртылды, — деді Ержан Сембинов.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 405 қонақ үй мен демалыс базасы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Жетісу облысынан кейін екінші орында.
Аймақ басшысы өз сөзінде туризм саласын дамыту үшін ең әуелі туристік инфрақұрылымды жақсарту қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.




