Бүгін Шығыстың бас шаһарында қала әкімінің шыршасы өтті. Жаңажылдық кешке биыл 150 бала шақырылған, деп хабарлайды F16.kz.
Жалпы дәстүрлі түрде өтетін қысқы мерекемен биыл 450 бала қамтылмақ. Олардың қатарында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше қажеттілігі бар балалар, сондай-ақ дарынды жеткіншектер бар.
Түрлі образбен ерекшеленіп, арнайы дайындықпенк келген бүлдіршіндерге Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Болатбек Мамырбаев шаһар басшысының құттықтауын жеткізді.

Бейбіт елімізде өскелең ұрпақтың дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бүлдіршіндерімізге қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етіп, қуаныш сыйлау – біздің парыз. Ал, сіздердің міндет — сабақты жақсы оқып, салауатты өмір салтын ұстану. Ғажайып мерекеде сіздерге мықты денсаулық, барлық жақсылықты тілеймін. Елімізді жаңа белестерге жетелейтін ұрпақ тәрбиеленіп жатқанына сенімдімін, — деді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар сүйікті кейіпкерлерімен суретке түсіп, ойын ойнап, көңіл көтерді. Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған фотоаймақта фотосуретке түсті.
Өскемен қаласы әкімінің атынан әр балаларға спорт дүкенінен 50 мың теңгелік сертификаттар сыйға берілді.




