Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Құзыретті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар нәтижесінде шекараны қорғау және күзету бағытында кешенді іс-қимылдар жүзеге асырылған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған 52 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып, тауарлар мен жүктерді мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізу бойынша 17 541 фактінің жолы кесілді.
Заңсыз айналымға түскен негізгі заттар:
- Есірткі заттары – 344 факт (жалпы салмағы 1,5 тоннадан астам);
- Қару мен оқ-дәрілер – 847 факт;
- Діни әдебиеттер – 315 факт;
- Жанар-жағармай материалдары – 5 900 факт;
- Халық тұтынатын тауарлар – 8 083 факт;
- Шетел және ұлттық валюталар – 2 052 факт.
Каспий теңізінің су айдынында 607 браконьерлік дерегі анықталып, тоқтатылды. Нәтижесінде:
- 226 жүзу құралы;
- 580 км балық аулау торы;
- 2 376 дана бекіре тұқымдас балық;
- 7 193 дана өзге балық түрлері;
- 24 итбалық тәркіленді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде мамандар мемлекетке келтірілуі мүмкін болған 75 миллиард теңгеден астам залалдың алдын алды.
2025 жылы ҰҚК Шекара қызметі Қазақстанның құқық қорғау органдарымен және шетелдік әріптестерімен тығыз өзара іс-қимыл жасады. Атап айтқанда:
- 48 шекаралық операцияға
- 2 ведомствоаралық операцияға (есірткінің заңсыз айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы)
- 5 халықаралық операцияға (ШЫҰ, Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі, Каспий теңізіндегі заңсыз әрекеттерді тоқтату шеңберінде) қатысты.
ҰҚК Шекара қызметі алдағы уақытта да мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.




