Шығыс Қазақстан облысында Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде өңірлік жоспар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген негізгі міндеттердің іске асырылу барысы қаралған актив отырысында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Президент 2025 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысын жасап, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылым мен энергетиканы дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу, ядролық кластер құру, АӨК қолдау, салық-бюджет реформасы және инвестиция тартуды басым бағыттар ретінде белгілеген.
Облыс былтыр оң көрсеткіштерге қол жеткізді: негізгі капиталға салынған инвестициялар – 838,1 млрд теңге (105,2%), құрылыс көлемі – 458,8 млрд теңге (109,3%), ауыл шаруашылығы өнімдері 554,6 млрд теңге (102%) болды.. Жаңадан 29 мың жұмыс орны ашылып, орташа айлық жалақы 9,5% өскен. Жұмыссыздық – 4,6%-дан төмен.
Инфляцияны тежеу шаралары да ұдайы жүргізіліп келеді. Биылғы 1 ақпанда өңірде инфляция деңгейі 12% болып тіркелді, бұл республикалық көрсеткіштен төмен (12,2%).
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтіліп, дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілер қолдау тауып отыр.
Бюджеттің 60%-дан астамы әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерге бағытталған. 1 мамырға дейін шығыстардың тиімділігін арттыру үшін бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік белсенді қолданылуда.
Облыста 12,4 млрд теңге құрайтын 45 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы іске асырылып жатыр. Жеке инвестиция арқылы тағы жеті жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Әр тапсырма қағаз жүзінде қалмауы керек. Нақты нәтиже, тәртіп және жеке жауапкершілік қажет, – деді облыс әкімі.
Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар 25 ақпанға дейін әзірленіп, бекітуге ұсынылады.




