«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы еліміздің өңірлерінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Жұмыс Астанадан басталып, кейін Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкентке жетті. Белсенділер арнайы орындарға үгіт-насихат плакаттарын іліп, тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып жатыр. Сонымен қатар, коалиция мүшелері әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі, «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, науқанға еліміздің барлық өңірінен жастар белсенді қатысып жатыр.
Коалиция құрылысымен республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыста филиалдар жұмысқа кірісті. Бүгінде жастар офлайн форматта материалдар таратып, азаматтарға Жаңа Конституцияның мазмұнын және 15 наурызда өтетін референдумның маңызын түсіндіруде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы да халықты ақпараттандыру жүріп жатыр. Негізгі мақсатымыз – алдағы саяси науқанның мәнін халыққа жан-жақты жеткізу, — деді ол.
Коалиция өкілдері хабарлағандай, ақпараттық іс-шаралар тек қала мен облыс орталығында емес, аудан және ауылдық елді мекендерді де қамтып отыр. Алдағы уақытта «Есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындармен жеке кездесулер өткізу жоспарланған. Бұл форматта азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріліп, қосымша ақпарат беріледі.
Сонымен қатар, коалиция мүшелері республика бойынша кездесулер өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен ұсынылып отырған өзгерістерді түсіндіруде. Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өткізіліп, азаматтардың сауалдарына жауап беріліп жатыр.
Айта кету керек, жетекші қоғамдық-саяси күштер «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында бірікті. Оған саяси партиялардың орталық және өңірлік құрылымдары, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Парламент пен мәслихат депутаттары, ғылыми-сарапшылық қауым, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіподақ ұйымдары, салалық қауымдастықтар мен жастар ұйымдары кірген.
Қазір коалиция мүшелері аймақтардағы түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Референдум алдында еңбек ұжымдары, сарапшылар және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, ашық диалог алаңдары кеңейтіледі. Негізгі мақсат – азаматтардың саналы әрі жауапты түрде шешім қабылдауына жағдай жасау.




