Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай көпбалалы аналармен кездесіп, бала тәрбиесінің бағбаны болған аяулы жандарға ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды F16.kz.

Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан аналарымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сіздерді бала тәрбиесінің профессорлары деп айтар едім. Біз сіздермен мақтанамыз, біз сіздерді құрметтейміз! Келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Қала тұрғындары және өз атымнан сіздерге өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін! Бүгінгі кездесуді ашық диалог форматында өткізейік деп шештік. Өйткені сіздер жеке өздеріңіздің ғана емес, қаладағы көптеген ананың өтініш-тілегін арқалап келіп отырсыздар. Сіздер қойған әр сұраққа жауап беруге дайынмын, – деп сөйлеген Алмат Ақышов аналарға сый-сияпат табыстады.
Кездесу барысында көпбалалы аналар баспанамен қамту, балабақша қызметі, ерекше қажеттілігі бар балаларды бағып-қағу сияқты түйткілді мәселелерді қозғап, шаһар басшысынан қолдау сұрады.
Бүгін қала әкімі көпбалалы аналарға құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтады. Құттықтап ғана қойған жоқ, мәселемізді тыңдады, сұрақтарға жауап берді. Қолдан келгенше қолдау көрсететінін айтты. Аналар разымыз. Жалпы, Алмат Талғатұлы қаладағы мәселелерді шамасы келгенше шешіп жатыр. Айталық, біз тұратын 20-шы шағын ауданда неше жылдан бері болмаған жол жөнделіп, көше жарықтандырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасады деп сенеміз, – деді көпбалалы ана Мадина Санбаева.




