Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Шаңырақ күніне орай «Шарапатты шаңырақ шежіресі» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Шара Шығыс Қазақстанның ғана емес, күллі еліміздің мақтанышы болған екі алып тұлғаның, атап айтқанда, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің химия, металлургия және байыту кафедрасының профессоры, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ахат Күленовтің және Алтайдың «Аңыз адамы», жазушы, шежіреші, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі ордендер мен медальдардың иегері, Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың ұрпақтарына арналды.
Кездесуге келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, Шаңырақ күніне арналған шараның маңызын атап өтті.
Ақсақал Сайлаухан Аухадиев, «Казцинк» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Галина Сарро, ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедов, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов және тағы да басқа қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қос тұлға жайлы естеліктерін айтты.
Бошай Кітапбаевтың ұрпағы Марат Бошайұлы қос тұлғаның халық үшін жасаған еңбектеріне тоқталып, отбасы берекесінің ұйытқысы, әрқашан ер азаматтың қолдаушысы бола білген аналарын ерекше атап өтті. Әкелерінен дарыған асыл тәрбиенің шамын өшірмей, жарқырата жағып, бір шаңырақ астында бас қосқан текті әулеттің ұрпақтары Марат Бошайұлы мен Жанат Ахатқызы жиналғандарға ақжарма алғысын білдірді.




