Өскеменде әскери-қолданбалы көпсайыстан облыстық турнир өтті. Ауқымды шара Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі филиалының базасында ұйымдастырылып, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың 106 жылдығына арналды, деп хабарлайды F16.kz.
Турнирдің негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан шығысқазақстандық батырлардың ерлігін ұлықтау, жастарға патриоттық тәрбие беру және әскери қызметтің беделін арттыру. Сонымен қатар ұйымдастырушылар әскери-қолданбалы спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттауды көздеген.
Жарысқа облыс колледждерінің 1–2 курс студенттері мен алғашқы әскери даярлық пәнін оқып жүрген 10–11 сынып оқушылары қатысты. Әр командада жеті адам болды. Қатысушылар бірнеше кезеңде өзара сынға түсіп, әскери даярлық деңгейін көрсетті.
Сайыс барысында жас сарбаздар саптық байқауда, ММГ АК-74 автоматын шашып-жинау, газқағар мен жеке қорғаныс құралдарын кию, турникке тартылу, орыннан ұзындыққа секіру және автомат оқжатарын патронмен толтыру сияқты тапсырмаларды орындады. Бұл кезеңде қатысушылардың ептілігі мен шапшаңдығын ғана емес, нақты әскери машықтары да сыналды.
Әскери-патриоттық бағытты дамыту зертханасының меңгерушісі Қуаныш Аухатов мұндай жарыстардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, турнир жас ұрпаққа тәртіп пен жауапкершілікті үйрететін маңызды алаң.
Қатысушылардың даярлығы мен ынтасы қуантады. Осындай жарыстар арқылы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі артып, болашақта ел қорғайтын азамат болып қалыптасуына негіз қаланады, – деді ол.
Жарыс қорытындысы барлық кезеңде жиналған ұпай санына қарай шығарылды. Командалардың жалпы нәтижесі әр кезеңдегі көрсеткіштердің жиынтығы негізінде анықталды. Ұпай саны тең болған жағдайда саптық байқау нәтижесіне басымдық берілді, ал ол да тең болса, автоматты шашып-жинау кезеңінің қорытындысы есепке алынды.
Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Риддер қаласының «Сұңқар» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Глубокое ауданының «Жас сарбаз» командасына бұйырса, үшінші орынды Өскемен жоғары политехникалық колледжінің «Барыс» командасы алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар жасөспірімдердің әскери-патриоттық рухын көтеріп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді.




