Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында тәртіп сақшылары түнде жасалған мал ұрлығын ізін суытпай ашты, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыз айының басында екі адам алдын ала сөз байласып, аудан аумағындағы шаруашылықтардың бірін нысанаға алған. Олар ұрлыққа атшанамен келген. Түн жамылған күдіктілер бес бас ұсақ малды атшанаға тиеп, алып кеткен. Ізді жасыру үшін малды көрші ауылға жеткізіп, танысының қорасына жасырған. Келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгеден асқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қар үстінде қалған із арқылы күдіктілердің бағытын анықтап, ұрланған малды аман-есен тапты. Қазір бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұрланған мал иесіне қайтарылды.
ШҚО Полиция департаменті тұрғындарға мал-мүлкін қорғау шараларын күшейтіп, күмәнді жағдайлар байқалса дереу полицияға хабарласуды ескертті.




