Шалқар көлі биыл жазда туристерді қабылдамауы мүмкін. Бұл туралы әкімдік отырысында ШҚО туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс аумағында ресми рұқсат етілген бірнеше жағажай бар. Жадырап жаз шыға салысымен өңір тұрғындары мен алыс-жақыннан келген қонақтар демалыс базаларына асығады. Әсіресе Өскемен іргесінде орналасқан Сібенің үшінші көлінде жаз бойы ине жаншар орын болмайтын.
Алайда биыл Шалқар көлі жөндеу жұмыстарына байланысты туристерді қабылдамауы мүмкін.
Айта кетейік, жағажай аумағы өткен жылдары кеңейтіліп, кіреберіс жолдарға асфальт төселген. Жағалауға санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылып, аумақ абаттандырылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Ұлан ауданындағы муниципалдық жағажайды жаңғыртуға 132 миллион теңге бөлінді. Жоба аясында жағажайды кеңейту және ұлттық стандарттарға толық сәйкес жабдықтау қарастырылған, — деді ШҚО туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Жоба аясында жағажай аумағы кеңейтіліп, медициналық пункт, тамақтау аймақтары салынып, жағажай орындықтары, самалжай орнатылмақ. Бұл жұмыстар тамыз айының соңына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.




