Самар ауданындағы Сарыбел жағалауында жазғы туристік маусым ашылды. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды кешке 5 мыңнан астам көрермен жиналды, деп хабарлайды F16.kz.
Сенбінің таңынан бастап жағалауға ағылғандар қарасы көп болды. Кейбірі Самардың тамылжыған табиғатын тамашалап, суға шомылу маусымын ашуға келсе, енді бірі ашық аспан астында ұйымастырылған кешті тамашалауға асыққан. Оның ішінде Өскемен, Күршім, Тарбағатай аудандарынан бөлек, Абай облысынан, Павлодар мен Астана қаласынан келгендер де бар.
Мен Семей қаласынан осы концерт үшін арнайы келдім. Ерте келіп, суға түсіп те үлгердік. Самарға алғаш рет келіп тұрмын. Суы да, табиғаты да ерекше ұнады. Бүгінгі кеште жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мұнда демалу үшін міндетті түрде тағы келемін, — дейді Анар Құдайбергенқызы.

Сағат 17.00-де басталған шарада алдымен балаларға арналған қызық бағдарламалар ұйымдастырылды. Бір-бірінің үстіне бояу шашып, көбік кешіне қатысқан бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Арнайы құрылғыдан шашылған ақ көбікті жасы да, қарты да қызыға тамашалады.
Аудандық туризм орталығының директоры Ермек Асқаровтың айтуынша, алдағы жылдары жазғы туристік маусымның ашылуы дәстүрлі шараға айналмақ.
Биыл мұндай ауқымды шараны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Көршілес қала-аудандардан ғана емес, өзге қалалардан да келіп жатқан туристер бар. Ауданда туризм күннен күнге дамып келеді. Осындай шаралар арқылы еліміздің басқа өңір тұрғындары да ауданның табиғатына көз суарып, суға түсіп, осындай жағажайдың бар екенін біліп, танысып, қайта айналып келеді деп ойлаймын, — дейді ол.

Жиналған көпшілік үшін сахнада жергілікті өнерпаздардан бөлек, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Say Mo өнер көрсетті.




