Зайсандық тұрғынға қоқан-лоқы көрсетіп, психологиялық қысым жасап, ақша талап еткен күдікті қолға түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, одан ай сайын 150 мың теңге беріп тұруды талап еткен. Бұл ретте ол қоқан-лоқы көрсетіп, психологиялық қысым жасаған.
Өз өмірі мен денсаулығына алаңдаған ер адам қаскөйге 100 мың теңге берген. Алайда заңға қайшы әрекеттер мұнымен тоқтамаған. Біраз уақыттан кейін күдікті қайтадан ақша талап еткен. Жедел іздестіру іс-шараларының кешені нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол облыс орталығының 23 жастағы тұрғыны болып шықты, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қорқытып ақша талап ету, оның ішінде күш қолдану арқылы жасалған әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.




