Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дәстүрлі бүркітшілер фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биылғы салбурында тоғыз шет мемлекеттен және ел өңірлерінен жиналған екі жүзге жуық саятшы бақ сынады. Өңір жұртшылығы және алыс-жақын шетелдерден келген туристер Бүркіттөбеде екі күн бойы құс салып, тазы жүгірткен серілердің өнерін тамашалады. Бүркіт, қаршығы және ителгі көтерген құсбегілер топ-топқа бөлініп сайысқа түсті.
Бүркіт салғандар арасында Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы үздік шығып, бірінші орынға лайық болды. Сайыстың екінші жүлдесі астаналық құсбегі Ерасыл Серікбекұлының еншісінде. Үшінші жүлде алматылық ару-бүркітші Аяжан Даниярқызына және Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбекке бұйырды.
Қаршыға салған құсбегілердің арасында Шығыс өңіріне Түркістан облысынан ат басын бұрған Зәки Махмұтхан бірінші жүлдені қанжығалады. Екінші орын жамбылдық Берікболсын Бабажанның еншісінде. Үшінші орынды шығысқазақстандық құсбегі Мүбәрак Халифа-Алтай мен астаналық саятшы Ерасыл Серікбекұлы бөлісті.
Ал ителгімен сынға түскен құсбегілердің ішінде Қарағанды облысынан келген Темірәлі Төлегенұлының асығы алшысынан түсіп, сайыстың бірінші жүлдесі Арқаға жол тартты. Екінші орынға жамбылдық Бақдәулет Бабажан лайық болды. Үшінші орынның жүлдесіне Ақмола облысынан келген қос құсбегі қатар қол созды. Олар — Ералы Тастанбек және Әнуар Кеңес есімді саятшылар.




