Биыл Шығыстың бас шаһарында аулаларды абаттандыруға, балалардың ойын алаңқайын және спорт алаңдарын салуға бюджеттен 1 138,5 млн теңге бөлінген. Осы қаражатқа қазір 40 учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Оның ішінде 16 аулада кешенді абаттандыру қолға алынса, дәл осынша аулада балалар ойын алаңы салынып жатыр, тоғыз аулада спорт алаңдары жасалады.
Қазір аталған 40 учаскенің 37-сінде жұмыс жүріп жатыр, 17 жиынтық кіші сәулет нысаны орнатылды. Алаңдардың бетон негізі дайындалды, 3 мың шаршы метр аумаққа тас төсеніш төселді, жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын сегіз футбол алаңының негізі дайындалды, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Сондай-ақ ол аулаларды кешенді абаттандыру мақсатында өткелдерді жөндеу, көлік тұрақтарын кеңейту және салу жұмыстары жоспарланғанын айтты. Квартал ішіндегі өткелдерге жөндеу жүргізілетіні де мәлім болды. Бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 400,0 млн теңге бөлінген.
Бүгінге дейін сегіз аулада жөндеу жұмысы аяқталып, 17 мың шаршы метр жабын төселді, жалпы ауданы 2 мың шаршы метр аумақтың шұңқыры бітелді.
Жеңіс және Сәтбаев даңғылдары бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті жарықтандырылып, орталық мәдениет үйінің маңы абаттандырылды. Ол жерде субұрқақтың табанын бетондау, су құбырын тарту және саябақты жарықтандыру, көгалдандыру жүргізілді.
Қазақстан көшесінің жоғарғы жағында жиектастар орнатылып, адамдар отыратын орындықтар қатар түзеді. Кіші сәулет нысандары қойылды.
Ертіс көпірінің астында қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Болашақта ол жер қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналмақ.
Ертіс жағалауын және көпір астындағы аумақты абаттандыру жұмысы аяқталып қалды. Онда баскетбол алаңы болады, аумағы қоршалады. Жақсы бір мурал салсақ деген ойымыз бар. Әзірге қандай бейне салынатыны нақтыланған жоқ. Сонымен қатар үш теннис үстелін орнатып, скейт алаң ашуды көздеп отырмыз. Кіші сәулет нысандары салынып, орындықтар қойылады. Ол жер қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе жастардың демалатын, спортпен айналысатын тамаша бір орны болады, – деді қала әкімінің орынбасары.






