Күршім ауылының қақ ортасында орналасқан ескі ғимараттың айналасында қазір кәдімгідей қызу жұмыс жүріп жатыр. Темір құбырлар, құрылыс техникалары, дәнекерлеуші мамандар… Бұл – Күршім ауылындағы №5 орталықтандырылған қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарының көрінісі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
35 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТА ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ
35 жыл бойы қаңырап тұрған бұл қазандық қайта іске қосылуға жақын. Наурыз айында басталған жоба аясында мұнда қуаттылығы 1,5 гигакалория болатын бес қазандық орнату жоспарланып отыр. Қазір олардың үшеуі дайын. Жұмыс қарқынды жүруде, жылу жүйелері тартылып, сорғы станциялары қойылып жатыр.
– Қазандық іске қосылғанда жалпы қуаттылығы 7,5 гигакалорияға жетеді. Қазірдің өзінде 1,9 шақырым жылу құбыры төселіп, жұмыс көлемінің 80 пайызы аяқталып қойды. Тамызға дейін қалған жұмыстарды бітіріп, қазандықты жылыту маусымына дайындайтын боламыз, – дейді мердігер ұйым – «АСТ Химпром» ЖШС өкілі Олжас Мырзахметов.
Жоба аясында бұл қазандық он мемлекеттік мекемені, бір мектеп пен бір балабақшаны жылумен қамтитын болады. Яғни, жүздеген адамның күнделікті тіршілігіне тікелей әсер етеді.
Күршім аудандық сәулет-құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Әскеркелдіқызының айтуынша, бұл – ауыл үшін маңызды жоба.
– №5 қазандық ұзақ уақыттан кейін қайта іске қосылғалы тұр. Қайта жаңғырту жұмыстарына 333,8 миллион теңге, ал жылу жүйелерін тартуға 240,7 миллион теңге бөлінді. Негізі, бұл жоба 2025 жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда, біз жұмыстарды биылғы жылыту маусымына дейін аяқтап тастауға күш салып отырмыз, – дейді ол.
КЕЗЕКТЕ – АЛТЫНШЫ ҚАЗАНДЫҚ
Айта кетейік, қазіргі уақытта Күршім ауылында орталықтандырылған 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі бұрыннан бар, ал біреуі – жаңа, 2023 жылы іске қосылған. Соңғысы бір мектеп, үш көпқабатты үй мен пошта ғимаратын жылумен қамтамасыз етеді.
Белгілі болғандай, жергілікті билік алтыншы қазандықты да қалпына келтіруді көздеп отыр. Егер қажетті мөлшердегі қаражат бөлінсе, тағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен екі мемлекеттік мекеме орталықтандырылған жылуға қосылатын болады.
Ауыл тұрғындары үшін бұл – көптен күткен жақсы жаңалық. Қазір бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр.
– Жалпы, аудан орталығында 36 көпқабатты тұрғын үй бар болса, 19-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бүгінде тағы тоғыз үй қосылып жатыр. Олар №1 және №4 қазандықтардан жылу алатын болады. Қазір №6 қазандықты іске қосу мәселесін қарастырудамыз. Егер қаражат бөлініп жатса, онда Күршім ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерді 100% орталықтандырылған жылу жүйесіне қосатын боламыз. Сондай-ақ, жылу жүйесіне қосылмаған мекемелер де қалмайды, – дейді Самал Әскеркелдіқызы.