Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы бес айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сәбилер өлімінің көрсеткіші 26,3%-ға, алты айда ана өлімі 9,7%-ға төмендеген, деп хабарлайды F16.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сенсек, оң нәтижелерге босандыру қызметі мен педиатриялық көмекті дамыту бойынша жүргізілген жүйелі жұмыс арқасында қол жеткізілді.
– Қазақстанда туа біткен кемістігі бар балаларды емдеуге арналған 40 орталық, көру, есту қабілетін сақтауға бағытталған 20 орталық жұмыс істейді. Бұл жұмыс өте жақсы нәтиже береді – туа біткен кемістігі бар балалардың бастапқы мүгедектігі 7,5%-ға төмендеді, ең бастысы – жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін өсті, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сол сияқты, 2024 жылдың ортасынан бастап елімізде босандыру қызметін қаржыландыру ұлғайтылды: босандыру және балалық шақты қамтитын бес негізгі бейін бойынша тарифтер 40%-ға өсті. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға және оған қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік берді.
Бір айта кетерлігі, мұндай оң динамикаға қарамастан, Қазақстанда бала туу мен халықтың табиғи өсімінің көрсеткіштері төмендеген.
– Жалпы, бала туудың 14,6%-ға және халықтың табиғи өсімінің 20,3%-ға төмендеуіне қарамастан, Қазақстанның ана мен бала денсаулығын сақтау саласында тұрақты оң динамика байқалады, – деп жазады дерек көзі.