Өскеменде жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы белсенді жүргізілуде. Дегенмен, бұл салада да заң талаптарын елемеу жағдайлары кездеседі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты үлестік құрылыс мәселелеріне арналды. ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлішер Кенжеқановтың айтуынша, 2024 жылдың желтоқсан айынан 2025 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Шығыс Қазақстанда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзған 7 құрылыс компаниясына әкімшілік шаралар қолданылған.
Құқықбұзушылықтар келесі тұрғын үй кешендерінде тіркелген:
- Ray Residense («Dala SK Group» ЖШС);
- Park Line және Renesans 3 («Elit Stroy Group» ЖШС);
- Tumar Towers («Baiterek Invest» ЖШС);
- Viva Park («Cronus Stroy» ЖШС);
- Cristal («Royal Finance Group» ЖШС);
- Grand Residense («MRS Company» ЖШС);
- MUZTAU («Премиум Строй НС» ЖШС).
Сала мамандарының айтуынша, кейбір құрылыс компаниясы азаматтармен келісімшартты «пәтерді алдын ала брондау» немесе «брондау шарты» түрінде рәсімдеп, заңды айналып өтуге тырысқан. Бұл тәсіл де заңбұзушылық болып саналады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үлескерлердің қаражатын тарту мына үш жағдайда ғана рұқсат етіледі:
- Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдігі болғанда;
- Жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылғанда;
- Көпқабатты тұрғын үйдің қаңқасы толығымен тұрғызылғаннан кейін.
Ал бұл шарттар орындалмаған жағдайда кез келген қаржылық қатынас заңсыз деп есептеледі.
– ҚТК порталының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аумағында заңды кепілдігі бар екі тұрғын үй кешені ғана бар. Олар – «Жаным» тұрғын үй кешенінің А және Б блоктары және «Diamond» кешені. Ал жергілікті билік тарапынан «Tumar Towers Oskemen» нысанына ғана ресми рұқсат берілген, – дейді Әлішер Кенжеқанов.
Осыған байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы азаматтарға жаңа пәтер сатып алмас бұрын құрылыс жобасының заңдылығына көз жеткізуге кеңес береді.