2025-2026 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл сайын әкімдіктер басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөлетінін еске салайық. Белгілі болғандай, биыл жергілікті атқарушы органдар 1 544 білім беру грантын бөліпті.
– Атап өтетін болсақ, 526 грантты Елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан облысы (299 грант), Шымкент қаласы (285), Атырау (265), Абай (200), Түркістан (180), Батыс Қазақстан (128), Маңғыстау (108) облыстары орналасқан. Қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.