Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Азат Сұлтанов облыс тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті. Кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері сөз болып, іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді, деп хабарлайды F16.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы елдің жетекші аграрлық өңірлерінің бірінен саналады. Облысымыздың ауыл шаруашылығының жалпы өңірлік өнімдегі үлесі шамамен 7% шамасында. Азат Сұлтановтың айтуынша, өсім әлеуеті әлі де жоғары.
– Мемлекет басшысы аграрлық сектор алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру міндетін қойды. Ол үшін өндірістің технологиялық деңгейін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу, сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды қолдану, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сондай-ақ мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту аса маңызды. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 миллиард теңгеден 700 миллиард теңгеге дейін артқан. Биылдың өзінде ғана 7 485 өндірушіге жалпы сомасы 490,1 миллиард теңгенің қолдауы көрсетілген. Оның ішіндегі 16 миллиард теңгесі ШҚО-дағы 108 шаруаны қаржыландыруға бағытталыпты.
– Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын 5%-дық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында 250 миллиард теңге бөлінгенін айту керек. Осы ретте ШҚО-да аталмыш бағдарлама шеңберінде 9,9 миллиард теңгеге 367 техника бірлігі сатып алынғанын айтқан жөн, – деді Азат Сұлтанов.
Жалпы, биыл Қазақстан бойынша егіс алқабы 23,6 миллион гектарға жетсе, оның 617 мың гектары біздің облысқа тиесілі екен. Белгілі болғандай, егін жинау науқанына 402 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның 20,5 мың тоннасы ШҚО-ға бағытталыпты.
– ШҚО «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін» тарату бағдарламасына белсенді қатысуда. 2023-2024 жылдары өңірде 8 тауарлы сүт фермасы қаржыландырылды, 2025 жылы тағы 6 жобаны іске асыру басталады, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
Азат Сұлтанов қабылданып жатқан кешенді шаралар Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласын барынша тұрақты, заманауи әрі бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар министрлік басшылығына өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, оларға тұшымды жауап ала алды. Жиын соңынан министрдің міндетін атқарушы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.