Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары республика аумағындағы 239 кәсіпорынның 3,5 мыңнан астам жұмысшысы алдында 1,3 миллиард теңгенің жалақы берешегі бар екенін анықтады, деп хабарлайды F16.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сенсек, түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4 мыңнан астам фактісі анықталған.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 287 ұйғарым берілді және 277 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
– Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3,4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,1 миллиард теңге төленді, – деп хабарлайды дерек көзі.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері де ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2025 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 514 тексеру жүргізіп, 4 132 заңбұзушылық анықтаған. Оның 3 465-і еңбек саласына, 648-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға, 19-ы халықты жұмыспен қамтуға қатысты болды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 25 мың жұмысшының еңбек құқығы қорғалған.