Газдандыру – ауылдағы өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Мысалы, Алматы облысындағы Шарын ауылында ұзындығы 64 шақырым болатын газ құбырының құрылысы аяқталып, 1 200-ден астам үйге, мектепке, ауруханаға, балабақша мен әкімшілік ғимараттарға газ тартылды. Сондай-ақ Тасқарасу мен Бахар ауылдарында құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жақын арада тағы 978 үй мен әлеуметтік нысан газға қосылмақ.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары және Қазақстанды 2030 жылға дейін газдандырудың Бас сызбасы аясында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен жүзеге асырылуда.
– Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда газдандыру деңгейі 62,4%-ға жетіп отыр. Яғни, 20,2 миллион халықтың 12,6 миллионы табиғи газға қол жеткізген деген сөз. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. 2024 жылы 4 мың шақырымнан астам газ құбыры салынып, 93 жоба жүзеге асырылды. Биыл тағы 77 жобаны аяқтап, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деп хабарлайды дерек көзі.