Қазақстанда жылу электр орталықтарының сенімділігі мен техникалық дайындығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, биыл еліміздің электр станцияларындағы 10 энергоблокқа, 63 қазандық пен 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір 5 энергоблокта, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу жүргізілуде. Ал 4 энергоблок, 15 қазандық пен 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған.
– Өткен жылмен салыстырғанда елдегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендегенін атап өткен жөн. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында жүзеге асырылып жатқан жабдықтарды жаңғырту және жаңарту жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды, – деп хабарлайды министрліктен.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу энергетика нысандарының техникалық жағдайында оң өзгерістер байқалды. Қазір ел аумағында жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығы бар. Бұған дейін олардың 19-ы «қызыл аймақта», 11-і – «сары аймақта», 7-еуі – «жасыл аймақта» болған.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша: 9 ЖЭО «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» өтті, олардың қатарында:
- Екібастұз ЖЭО;
- Өскемен ЖЭО;
- Жезқазған ЖЭО;
- Балқаш ЖЭО;
- Рудный ЖЭО;
- Риддер ЖЭО;
- Шахтинск ЖЭО;
- «Qarmet» АҚ (ЖЭО-2);
- Кентау ЖЭО бар.
Сонымен қатар, 3 ЖЭО өз позициясын жақсартып, «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. Олар:
- Атырау ЖЭО;
- Текелі ЖЭО;
- «Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС (ЖЭО-3).
Осылайша қазіргі кезде 10 ЖЭО – «қызыл», 17 ЖЭО – «сары», 10 ЖЭО – «жасыл аймақта» орналасқан. ҚР Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайындық барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.