Елімізде коммуналдық қызметтер тарифі тағы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Үкіметтегі баспасөз мәслихаты кезінде Тимур Қосымбаев журналистер тарапынан қойылған «келесі жылы коммуналдық қызмет тарифтері өсе ме?» деген сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, елімізде ТҮКШ-ті жаңғырту бойынша ұлттық жоба аясында субсидиялау тетіктері қарастырылған.
– Яғни, қарыз қаражаты тарифке, негізгі қарызға және сыйақы мөлшерлемесіне жұмсалады. Бірақ, тарифке түсетін қысымды азайту мақсатында республикалық бюджеттен берілетін субсидиялар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін жабатын болады. Яғни, 10% сыйақы тарифке қосылады. Ал қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, тарифтің күрт өсуін бәсеңдетеміз. Жалпы, келесі жылға арналған жоспар – тарифтердің 20-30% шегінде өсуі, – деді Т.Қосымбаев.
Оның айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру үшін ең алдымен инвестициялар тартылады. Инвестицияның негізгі көздері ретінде банктер арқылы тікелей кредит беру, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі, мемлекеттік бағалы қағаздар, әкімдіктер мен Қазақстанның Даму Банкі белгіленген. Комитет төрағасының айтуынша, қазір халықаралық қаржы институттарымен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.