Елімізде жұмыссыздар, дағдарыс және төтенше деңгейдегі әлеуметтік жағдайдағы азаматтардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленбек, деп хабарлайды F16.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманованың айтуынша, бұл республика көлеміндегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың санын арттыруға мүмкіндік береді.
– Қазір шамамен 16,7 миллион адам сақтандырылған, бұл халықтың 82,3%-ына тең. Олардың ішінде 12,1 миллион адам (72,5%) жеңілдік санатына жатады. Ал жүйеден тыс қалған 3,3 миллион азаматтың 2,4 миллионының өмір сүру деңгейі жақсы және қанағаттанарлық. Сондай-ақ шамамен 1 миллион адам дағдарыс (Д) және төтенше (Е) әлеуметтік жағдайдағы, яғни табысы төмен, отбасының негізгі қажеттіліктерін әзер жабатын азаматтар санатына кіреді, – дейді Л.Шоманова.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы соңғы топқа жататындар үшін МӘМС жарналары жергілікті атқарушы органдар тарапынан азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде төленуге тиіс. Бұл халықаралық тәжірибеге сай халықтың қажетті медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздардың жарналары да жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде болады. Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылады деп күтілуде.