Полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске салайық, заңдағы жаңа норма 12 шілдеден бастап күшіне енген болатын.
– Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деп түсіндіреді тәртіп сақшылары.
Учаскелік инспекторлардың айтуынша, тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мысалы, бетперде, никаб сияқты киімдер. Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді киімдерға бұл норманың қатысы жоқ.
Бұл тыйым ауа райы жағдайы мен медициналық көрсеткіштерге байланысты қолданылатын киімдерге де қатысты емес. Бұған қоса аталмыш норма Қазақстан Республикасының заң талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау, азаматтық қорғау, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қолданылмайды.
Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары түсіндіру жұмысы аясында азаматтарға өзге құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шаралары туралы айтуда. Мәселен, полицейлер интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері жөнінде ақпарат беріп, адамдардың мұндай айлаға қалай тап болатынын түсіндіреді.