Көлік полицейлері тәртіп бұзған 300-ден астам жолаушыны әуе рейстерінен түсірді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе рейстерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген 349 жолаушыны рейстен акті негізінде түсірді. Олардың ішінде 200 адам – алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін, 96 адам – ұшақ бортында темекі шеккені үшін жауапқа тартылды. Қалған жолаушылар өзге де тәртіп бұзушылықтар жасаған, – деп хабарлайды дерек көзі.
Мысалы, 3 тамыз күні Астана қаласының халықаралық әуежайына Франкфурт – Астана бағытындағы әуе рейсі келгеннен кейін, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейс барысында ережені бұзған 46 жастағы Германия азаматын ұстады. Тексеру барысында шетелдік азаматтың ұшу кезінде әуе кемесінің дәретханасында белгіленген талаптарға қарамастан темекі шеккені анықталды. Бұл әрекеті арқылы жолаушы қоғамдық тәртіп пен ұшу қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған.
Көліктегі полиция департаменті азаматтарға ұшу кезінде тәртіп пен ережелерді қатаң сақтау қажет екенін тағы бір мәрте ескертеді. Ұшақ бортындағы тәртіп бұзушылықтар ұшу қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн, дейді мамандар.