Алматыда Қытайдан елімізге заңсыз жолмен жеткізілген тауарлар мен жалған шот—фактуралар ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды F16.kz.
Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қалалық департаменті тергеген. Тергеу нәтижесінде «Group of the Companies TDA» ЖШС-нің уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола отырып Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз кіргізгені анықталған.
Бұған қоса, компания бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жазылып отырған.
Сараптамаға сәйкес, мемлекетке қосылған құн салығы, кедендік төлемдер мен корпоративтік табыс салығы бойынша 10 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Тергеу барысында бюджетке 643 млн теңге қайтарылған. Сонымен қатар 1,3 млрд теңгенің тауарына және 300 млн теңгенің мүлкіне (жер, көлік, шатыр, т.б.) шектеу шарасы қолданылған.
ҚМА мәліметінше, компаниямен іскерлік байланыста болған 47 кәсіпорын өзара есеп айырысуды тоқтатып, 240 млн теңге салықты өз еркімен бюджетке аударған.
Алмалы аудандық сотының үкімімен айыптылар 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың мүлкі тәркіленді.
Сот материалына қатысы бар тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.