Еліміздің бірқатар өңірінде медицина қызметкерлері жетіспейді. Ал ауылға қызмет етуге барған мамандар мемлекеттен берілетін көтерме ақыға қол жеткізе алмай жүр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша ауылдық жерлерге қоныс аударатын дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленуі керек. Бірақ кейбір өңірлерде ондай қолдау қарастырылмаған.
Былтыр ауылдық жерлерде 370 жас маман жұмысқа орналасты. Алайда олардың 254-і ғана (70%) көтерме ақы алды. Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында өлім-жітім деңгейі жоғары болғанына қарамастан, бұл қолдау қарастырылмаған, – деді министр.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгінде елімізде 255 акушер-гинеколог, 91 неонатолог жетіспейді.
Ауылдық жерлерге баратын жас мамандарға 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Бұдан бөлек тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін берілетін бюджеттік несиелердің көлемі де артты. Мұндай несиенің мөлшерлемесі — бар болғаны 0,01 пайыз. Біз мұны айтарлықтай қолдау шарасы деп есептейміз, — деді Ақмарал Әлназарова.