Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан «балалардың спортпен шұғылдануына тыйым салу» жөніндегі ақпараттарға қатысты түсініктеме берді, деп жазады F16.kz.
Министрліктен хабарлағандай, аталған мәлімдемелер 2025 жылғы 16 шілдеде бекітілген №133 бұйрыққа сәйкес келмейді.
– Бүгінде елімізде 4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жарыстар – спорттық дайындықтың бір бөлігі ретінде белгілі бір физикалық және эмоциялық жүктемелерге байланысты. Осыған орай, министрлік жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін белгіледі. Бұл, ең алдымен, балалардың денсаулығын қорғауға және ерте жаста жарақат алу қаупін азайтуға бағытталған, – деп түсініктеме берді министрліктің баспасөз қызметі.
Жас шектеулері спорт федерацияларының ұсынысы негізінде әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген және халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл талаптар тек жарыстарда бақ сынағысы келетіндерге қатысты. Ал балаларды спорт мектептеріне, үйірмелерге және спорт резервін даярлайтын өзге де мекемелерге қабылдауға ешқандай шектеу қойылмайды.
– Осылайша, «спортпен шұғылдануға тыйым салынды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде тек жарыстарға қатысуға қойылатын жас талаптары туралы айтылып отыр, – деп жазады дерек көзі.
Төменде оқырман назарына Туризм және спорт министрлігі бекіткен тізімді ұсынып отырмыз.