Былтыр Күршім ауданына еліміздің оңтүстік өңірлерінен 56 адам көшіп келген. Бұл туралы аудан әкімі Мейіржан Әлбеков мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан басшысы Күршімдегі көші-қон ахуалы туралы айтты. Оның сөзіне сенсек, қазір ауданда 14 500-ге жуық адам тұрады екен.
– Әлбетте, Марқакөл жеке аудан болып құрылған соң, Күршімнің халқы біршама азайды. Дегенмен, аудан халқының азаюына ішкі көші-қон да әсерін тигізуде. Мысалы, былтырдың өзінде ғана Күршім ауданынан 218 адам көшіп кеткен. Осыған байланысты және аудандағы демографиялық ахуалды оңалту мақсатында көші-қон бағдарламасы бойынша ауданымызға еліміздің оңтүстік өңірлерінен жұмысқа қабілетті халықты көшіруге айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр Күршімге жоспар бойынша 29 адам көшіп келуі керек болатын. Алайда, іс жүзінде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары болды, – деген аудан әкімі 2024 жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінен 56 адам көшіп келгенін жеткізді.
Осы ретте Күршім ауданына қоныс аударғандардың дені Қызылорда облысының өкілдері екенін айту керек.
Мейіржан Әлбеков, сонымен қатар 2025 жылы ауданда Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 787 жұмыс орнын құру жоспарланғанын хабарлады. Оның 404-і тұрақты, 383-і уақытша жұмыс орны болмақ.
– Бүгінге дейін жоспарланған 787 орынның 313-і ашылды. Яғни, жылдық жоспар 40%-ға орындалды, – деп мәлім етті аудан басшысы.