Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы ең үздік 100 кітапты анықтау үшін жалпыұлттық сауалнама жүргізіледі. Сауалнама үш айға созылады. Бұл туралы «Ұлттық кітап күніне» орай Астанада өткен Astana Eurasian Book Fair-2025 VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайда Ұлттық кітап күнін белгілеу идеясын қолдады. Мемлекет басшысы: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет Ұлттық кітап күнін атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, үш айға созылатын дауыс беру қорытындысы 10 тамыз – Абай күні қарсаңында жарияланады. Жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» ұлттық арнасы.
Фото: Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы/шартты сурет