Еліміздің білім беру саласында басқару мәдениеті жүйелі түрде жаңартылып жатыр. Бұдан былай мектептерді жаңа буын менеджерлер басқарады, деп хабарлайды F16.kz.
2023 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі мектептерде басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасын іске асырып келеді. Екі жыл ішінде іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен 583 кандидат республикалық кадр резервінің құрамына енді. Биыл тағы 400 үміткер оқудан өтөтіп жатыр.
Жоба айтарлықтай нәтиже берді, мектептерде жаңашыл, ынталы менеджерлер пайда болады. Енді бұл үдерісті жүйелеп, қалған барлық бос жұмыс орындарға басқарушы кадрларды тағайындауды тамыз айында аяқтау маңызды. Бұл – директорларды тағайындау ғана емес, сонымен қатар білім берудегі басқару мәдениетін жүйелі түрде жаңарту. Аталған бағыттағы жұмыстар нақты өзгерістер мен білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, жобаны іске асыру барысында елдегі мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды. Өңірлердің басым бөлігі басқарушы лауазымдарына арнайы даярлықтан өткен мамандарды тағайындау арқылы кадрлық резервтің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады.
Одан бөлек, 4 мыңға жуық директор «Өрлеу» БАҰО-да қысқа мерзімді курстардан өтті, бұл мектептердегі басқару әлеуетін нығайтуға және білім беру жүйесіндегі менеджмент сапасын арттыруға мүмкіндік береді.