Өскеменнің Қабанбай батыр көшесінде көліктер битумға батып жатыр. Қаланың қақ ортасында қара май кешіп жүрген мәшіндердің аянышты жағдайы әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысы түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Қабанбай батыр көшесімен келе жатқан бірнеше көліктің дөңгелегі қара шайырға батып, жүре алмай тоқтап қалғанын көруге болады. Желі қолданушыларының айтуынша, бұл учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан жолдың бетіне битум төселген. Бірақ жөндеу жүргізіліп жатқанын білдіретін ешқандай ескерту белгісі қойылмаған, сондықтан жүргізушілер осындай келеңсіз жағдайға тап болып отыр. Қара майға батқан көлік иелері тарапынан жол полициясына ешқандай шағым түсірілмеген. Мән-жайды білу үшін Өскемен қаласының әкімдігіне хабарластық.
Орташа жөндеу жұмыстары аясында 9 тамызда Қабанбай батыр көшесінің Новатор көшесінен Лев Толстой көшесіне дейінгі аралығына битум құйылды. Ауа райының бұзылғандықтан бұл технологиялық жұмыс уақытша тоқтатылды. Битумның төгілуіне және оның көлік дөңгелектеріне, сондай-ақ басқа да сыртқы бөліктеріне жабысуына байланысты жүргізушілер тарапынан шағымдар түсті. Бірақ бұл мәселе жол жөндеуші мердігер мен жүргізушілер арасында оқиға орнында шешілді.
Жолдың аталған бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын ескертетін жол белгілері орнатылғанын айта кету керек. Жүргізушілердің осыған назар аударғаны абзал. Жол жөндеу жұмысы күн ашылғанда қайта жалғасады. Битум төгілген жолақта жол қозғалысы жол конустары арқылы шектелген, – деп хабарлады қалалық әкімдіктен.