Биылғы алты айда Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика байқалды. Тек өнеркәсіп өндірісі мен жеке инвестиция көлемі межелі деңгейге шыға алмай тұр, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 101,2%, құрылыс жұмыстары – 102,4%, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі – 104,6%, оның ішінде ауыл шаруашылығы – 104,8%, сауда – 102,8% деңгейінде сақталып отыр.
Сонымен қатар осы уақыт ішінде 145,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 102,9%-ды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 115,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 122,7% болды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 62,8 мыңға жетті.
Өңір экономикасында өнеркәсіптің үлесінің жоғарылығын және сыртқы ахуалдың ықпалын ескере отырып, негізгі міндет экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тарту болып қалады. Өңірлік өнім көлемін ұлғайту, халық табысы мен салықтық түсімдерді арттыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру және инфрақұрылым салалары басым бағыттар ретінде анықталды, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бүгін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде.
Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін экономикалық өсімді екі еселеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Шығыс Қазақстанда өңірлік жобалық офис жұмыс істейді. Барлық аудан-қалалар бойынша экономикалық өсімінің бесжылдық жоспары, сондай-ақ ауылдық округтер үшін Жол карталары бекітілген. Аудан-қалалардың әкімдерімен биылға арналған нақты жобалар мен іс-шаралардан тұратын KPI көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар жасалды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы бағыттарын айқындай отырып біздің басты міндет – шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 24%-ға дейін арттыру, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс көлемін көбейту, – деп атап өтті облыс әкімі.