Катонқарағай ауданында туризмнің дамуына атсалысып, өз кәсібін бастауға ниет танытқандар қатары артып келеді. Облыс басшылығы да бұған дейін туризм саласына қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылатынын айтқан, деп хабарлайды F16.kz.
Үкіметтің қолдауымен кәсіп бастаған жандардың бірі – Мажит Әсет. Ол былтыр «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 миллион теңге несие алған. Қазіргі таңда ол ауылда 35 орындық жайлы қонақ үй салып жатыр.
Сондай-ақ кәсіпкер этнотуризмді қолдау мақсатында 3 киіз үй және заманауи жайлылықты қалайтын қонақтар үшін 6 әйнекті модульдік үй сатып алды. Яғни, киіз үй арқылы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік болса, модульдік үйлер – заманауи саяхатшыларға таптырмас орын, — дейді аудан әкімдігінің өкілдері.
Мұндай бастамалар ауыл туризмін дамытуға, туристер легін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.