Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданындағы жаңа әуежай құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды F16.kz.
Нысанның жалпы дайындық деңгейі бүгінде 76 пайызға жуықтады. Құрылыс алаңында 350 адам және 158 техника жұмыс істеп жатыр.
Бүгін әуежайдың дайын ұшу-қону жолағын, перроны мен рульдеу жолын көрдім. Республикалық маңызы бар жол мен блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталған. Қазір негізгі жұмыстар аэровокзал ғимараты, диспетчерлік мұнара, қызметтік нысандар мен инженерлік желілерге шоғырланған. Өздеріңізге белгілі, бұл әуежай нөлден бастап салынып жатыр. Сондықтан мұндағы жұмыс көлемі ауқымды. Жаңа әуежай туризмнің дамуына тың серпін беріп, Катонқарағайды өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді ете түсуі тиіс. Мердігерге құрылыс кестесін қатаң сақтап, жұмыстардың сапалы болуын қамтамасыз етуді тапсырдым. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы Катонқарағайдың дербес халықаралық туристік бағыт ретінде дамуына да әуежайдың маңызы зор екенін атап өтті.
Ауданда бірқатар ірі туристік жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда «Верх-Катунь» пантоемханасын кеңейту, құны 2 млрд теңге болатын Altay Resort жобасы, MuzTau экоқонақүйін дамытуға 200 млн теңге, Qaton Qaragai Resort&SPA кешенін кеңейту, сонымен қатар 120 нөмірге арналған, құны 8,8 млрд теңге болатын Wellness Resort кешенін салу жоспарланған. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Біздің міндетіміз — Катонқарағайды дербес халықаралық туристік бағыт ретінде қалыптастыру. Осында келген адам бірнеше сағатқа ғана соқпай, бірнеше күн аялдап, жергілікті бизнестің қызметтерін пайдаланып, қайта оралғысы келуі маңызды, — деді Нұрымбет Сақтағанов.




