ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданына жұмыс сапары барысында құрылысы ұзаққа созылған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайымен танысты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Катонқарағайдағы спорт кешенінің құрылысы 2020 жылы шілдеде басталған. Жоспар бойынша нысан 2021 жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілуі керек еді. Алайда, жоспар орындалмады.
Шағын футбол және жекпе-жек түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін залдардан бөлек, жабық бассейн ашылады деп күткен халық соңғы жылдары үмітін үзе бастаған. Себебі, арада 4 жыл өтсе де, нысан құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған.
Бүгін Катонқарағайға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі тұрғындардың үміт отын қайта маздатқандай болды.
– Спорт кешенінің құрылысы қыркүйек айында аяқталып, қолданысқа берілуі керек. Кестеге сәйкес жұмыс істеңіздер және сапаға баса мән берілсін. Мердігер ауысқанымен, жоба құны өзгермеуі керек, – деді аймақ басшысы.
Аудан әкімінің сөзінше, мердігердің салғырттығынан жоба аяқсыз қалған. Бүгінде жұмысты басқа мердігер жалғастырып жатыр. Белгілі болғандай, жобаның жалпы құны – 921,6 миллион теңге.