Биыл елімізде 13,2 мың орынды қамтитын 172 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды F16.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру жаңа нысандардың құрылысын жүргізу, қолданыстағы балабақшаларды кеңейту, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан шағын орталықтар ашу және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру («ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру) есебінен жүзеге асырылып жатыр.
– Бұл ретте жаңа ваучерлік қаржыландыру тетігі еліміздің 19 қаласында және 7 ауданында іске асырылғанын айту керек. Осы арқылы 300 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білімге қол жеткізді, ал кезек 44 пайызға қысқарды, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісі кеңейді. Жыл басынан бері олардың саны 4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін артты.
Бұдан бөлек, 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр.
Еске сала кетейік, бүгінде еліміздегі 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде.