Өскеменде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жергілікті полицейлермен бірлесіп, кезекті рейдке шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл рейдтің мақсаты жедел қызметтердің машиналарына жол бермеген автокөлік иелерін анықтау болды.
Полиция қызметкерлері өрт сөндіру автокөліктеріне мініп, облыс орталығының көшелерімен жүрді. Профилактикалық іс-шара нәтижесінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 598-бабы бойынша ереже бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда аталған бап бойынша 6 жүргізуші жауапқа тартылып, айыппұл арқалағанын айту керек.
– Көбінесе, көлік жүргізушілері көмекке асығып бара жатқан қызыл көліктердің сиреналары мен жарқыраған маяктарын байқамайтын сияқты. Бұл ойымыз осы жолғы рейд барысында да расталды. Жарқылдауық маяктары мен дыбыстық сигналы бар өрт сөндіру машинасы көлік ағыны аранысан әрең өтті. Жалпы, рейд нәтижелері мұндай акцияларды мүмкіндігінше жиі өткізу керек екенін көрсетті, – дейді ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре.
Осы ретте мамандар автокөлік жүргізушілері төмендегідей талаптарды орындауы керектігін еске салады:
– көрсетілген арнайы сигналдары бар көлік құралы жақындаған кезде жүргізушілер оның кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жол беруге міндетті;
– мұндай көлік құралын басып озуға тыйым салынады;
– көк түсті жарқылдауық маягы қосылып тұрған көлікке жақындағанда, жүргізуші жылдамдықты төмендетуі қажет;
– көлікті тұраққа қоярда арнайы техника өтетіндей орынды бос қалдыруды ұмытпаңыз.