«Майқапшағай» кеден бекетін реконструкциялау жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл туралы Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызынан білдік, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Аудан басшысының айтуынша, жобаның құны 8 миллиард теңгеден асады екен. Қазіргі уақытта кеденде жаңа ғимараттар мен өткізу пункті салынып жатыр. Мұның бәрі екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті еселеп арттыруға мүмкіндік бермек.
– Реконструкцияға дейін «Майқапшағай» кеден бекеті арқылы тәулігіне 200-ге жуық көлік өтетін. Қазір бұл көрсеткіш нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты 90 көлікке дейін қысқарды. Ал жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, кеден бекеті тәулігіне кем дегенде 500 көлік өткізе алатын болады, – дейді аудан әкімі.
Ол, сонымен қатар 2027-2028 жылдары «Майқапшағай» кеден бекетінен Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылына дейін теміржол салу жоспарда бар екенін айтты. Еске салайық, осыған дейін Тұғыл ауылында порт құрылыс жүргізілетіні хабарланған. Мамандардың пікірінше, бұл Қытайдан Ресейге жүк тасымалдаудың ең тиімді жолы болмақ.
Әлбетте, бұл автокөлік жолының маңызы кеміп қалады деген сөз емес.
– Ауданымыздың аумағымен өтетін «Омбы – Майқапшағай» тасжолының құрылысы толықтай аяқталды деуге болады. Барлығы 132 шақырым жол салынды. Білуімше, көршілес Тарбағатай ауданындағы бөлігі де дайын. Қазір жол бойындағы суағарларды жөндеу сияқты қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Аэлита Ахметсәлімқызы.