Марқакөл ауданында тағы екі мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бейсенов қазір шекаралық өңірде бір ауыл мектебі салынып жатқанын мәлім етті. Келер жылы тағы екі білім ошағының құрылысы басталмақ.
– Игілік ауылында 50 орындық мектеп бой көтеруде. Төсқайын мен Қайнарлы ауылдарында да мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қарашілік мектебіндегі спортзалдың еденін ауыстыру жұмыстары жүргізілмек, – деді Нұрсұлтан Бейсенов.
Бүгінде ауданда 19 білім ошағы бар болса, оның 4-і орта, 11-і негізгі орта, 3-і бастауыш мектеп, тағы біреуі мектеп-интернат-колледж екен.
Мектепке дейінгі тәрбиемен 1 балабақша және 18 шағын орталықтағы 400 бала қамтылған. Мектепалды даярлық тобында 150 бала оқиды. Ауданда қызмет атқаратын 309 мүғалімнің 272-сі жоғары, 37-сі арнаулы орта білімді және 21-і магистр дәрежесіндегі педагогтер.
Балабақша мен шағын орталықта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 183 баласы тегін тамақпен қамтылған.