Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлі мен Қытайдың Қанас көлі арасында трансшекаралық туристік бағыт ашу туралы әңгіме былтырдан айтылып жүр. F16.kz тілшісі облыстық туризм басқармасының басшысынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Бүгінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көлге апаратын 88 шақырым жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Ал туризм басқармасы жобаны іске асыратын инвесторларды іздеуге кіріскен. Сонымен қатар Көлік министрлігімен тиісті жұмыстар қолға алынған. Егер жобаның оң қорытындысы алынса, жұмыс басталады.
Шекараның арғы бетіндегі Қанас көлі Қытайдың ең үздік жеті демалыс аймағының қатарына кіреді. Ол жерге жыл сайын 5,5 млн адам демалуға келеді. Сол қаптаған туристердің жоқ дегенде 7-8 пайызын біздің жаққа тарта алсақ, өңіріміз үшін жақсы экономикалық серпін болар еді, – деді туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Оның айтуынша, жаңадан бой көтеретін демалыс аймағы Марқакөлден 15 шақырымдай қашықта болады. Өйткені сұлу көлдің табиғи қалпын бұзбай, санитарлық-гигиеналық тазалығын сақтау үшін аса қажет бұл. Курорттық аймақта қонақ үйлер салынып, қоғамдық тамақтану орындары, көңіл көтеру нысандары және басқа да қызметтер болады.
Туристер негізінен курорттық аймақта орналасады. Оларды Марқакөлге автобуспен апарып әкеледі. Демалушылар онда көлді тамашалап, табиғат аясында серуендейді. Бәлкім спорттық балық аулау қызметін жолға қоямыз. Көлдің балық қорын толтырып отыру үшін шабақ шаруашылығын ашуға да болады. Оған барлық мүмкіндік бар, – деді басқарма басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр өңір билігі Қытайдың Қанас көлі мен Марқакөл көлі арасында трансшекаралық туристік бағыт ұйымдастыруды қолға алған. Ол үшін Марқакөл ауданындағы Теректі және Қытай жағындағы Ақтүбек ауылдары маңында жаңа шекара бекетін ашу мәселесі көтерілген. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.