Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір экономикасының дамуы тікелей инвестиция көлеміне байланысты екенін айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысының пікірінше, негізгі капиталға тартылған инвестиция қалалар мен аудандар әкімдерінің жұмысын бағалаудағы басты көрсеткіш болуға тиіс.
Аудан-қала әкімдерінің жұмысындағы ең маңызды көрсеткіш – бұл негізгі капиталға тартылған инвестиция. Шетелдік инвестициялар тікелей өңір экономикасына оң ықпал етеді, – деді Сақтағанов.
Әкім әрбір инвестициялық жоба бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін жасап, жобаларды іске асыру барысында туындайтын кедергілерге дер кезінде әрекет ету қажеттігін атап өтті.
Жобалардың тоқтауына не себеп болғанын мұқият сараптау қажет. Инвесторлар жобаның қолға алынуынан бастап толық іске асырылғанға дейін барлық кезеңде әкімдіктің қолдауын сезінуі керек. Әкімшілік кедергілердің бәрі жойылуға тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіп, энергетика, туризм және агроөнеркәсіп салаларында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыс басшылығы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, тұрақты экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық бермек.