Өскемен тұрғыны заңсыз криптовалюта сатумен айналысып, 144 млн теңге табыс тапқан, деп хабарлайды F16.kz.
2023 жылдың басынан 2024 жылдың қазанына дейін Өскемен тұрғыны криптовалюта саудасымен заңсыз түрде айналысқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол лицензиясыз түрде Binance және TotalCoin платформаларында цифрлық активтерді сатып алып, қайта сатқан.
Күдікті криптовалюта қосымшаларын жүктеп, жалған атпен тіркеліп, клиенттерден тапсырыстар қабылдаған. Ол өз атына және таныстарының атына ашылған банктік шоттар арқылы Bitcoin, USDT, Litecoin секілді цифрлық активтермен операциялар жүргізген. Ал сатып алушылар жалған активтерге ғана қол жеткізген.
Тергеу барысында оның Қазақстанда цифрлық активтермен сауда жасауға тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберінде рұқсат етілетінін білгені анықталған. Соған қарамастан ол қызметін заңдастырмай жалғастырған.
Ол бірнеше танысынан нақты себептерін жасырып, банктік шоттар ашуды сұраған. Бұл шоттар кейін қаржылық операцияларға пайдаланылған.
Сот айыпталушыны аса ірі көлемде табыс табумен заңсыз айналысты деп танып, оған екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкімге сотталушы апелляциялық шағым түсірді.