Өскеменде көлік жолының жалпы ұзындығы 800 км жол болса, соның тең жартысына асфальт төселмеген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс орталығындағы жолдың жалпы ұзындығы 800 шақырым болса, соның 400 шақырымы ғана асфальтталған. Бүгінде жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын 35 учаскеде орташа жөндеу жұмысы қолға алынған. Оған 3,8 млрд теңге қаражат қарастырылған. Осы аталған 34 учаскенің дәл қазір 23-інде жөндеу аяқталды. Қалғаны алдағы уақытта тиянақталады, – деді Абзал Мәулетханов.
Оның айтуынша, 2021 жылы қалада 11,497 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізіліп, Өскемен-Семей автожолы қалпына келтірілген (4,228 шақырым).
2022 жылы 18,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, Тоғас көшесінің жолын (2,65 шақырым) қалпына келтіру жұмысы атқарылды.
Сонымен қатар Өскеменде 2023 жылы – 20,2 шақырым, 2024 жылы 34,919 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді.