Шығыстың бас шаһарында орналасқан ұн өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорынның бірегейі Өскемен ұн тарту комбинаты бүгінде өз өнімін шетелге экспорттап отыр. Бұл өндіріс орны алғаш рет 1960 жылдары Ертіс өзенінің бойынан ірге тепкен. Содан бері бұл комбинат аймақты ұнмен қамтамасыз етіп келе жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
НЕМІС ТЕХНОЛОГИЯСЫМЕН ӨНДІРІЛЕДІ
Бастапқы кезеңде мұнда тәулігіне 300 тонна ұн өндіріліп, қоймаларда 29 тоннаға дейін бидай сақталған. Сонымен қатар жылына 120 тонна жем де өндіріліп отырған. Кеңес Одағы тарағаннан кейін өндіріс қарқыны бәсеңдегенімен, 1999 жылы қайта жаңғырып, жұмысы жанданған. Соңғы бес жылда заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жаңа элеватор іске қосылды. Неміс өндірісінің «Retkus» құрылғысы орнатылып, диірмен кешені жаңартылды. Ұн сапасын жіті бақылау үшін арнайы технологиялық зертхана да іске қосылған. Мұндағы «SDmatik» құрылғысы ұнның барлық көрсеткіштерін автоматты түрде тексеріп отырады.
Алдымен қамбаға жеткізілген бидайдан сынама алынады. Оны шағын диірменге тартып, шыққан ұнды зертханалық аппараттар арқылы тексереміз. Ұнның көтерілу деңгейі, құрылымы мен сапасы мұқият сарапталады, – деді өндірістік орталықтың жетекшісі Жания Бекбаева.
«АҚМАРАЛ» БРЕНДІМЕН ТАНЫМАЛ
Бидай негізінен облыстың Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Самар аудандарынан жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл өңірлерде өсірілген бидайдың ақуызы жоғары әрі сапасы да жақсы.
Біз шикізатты тексерілген шаруашылықтардан ғана аламыз. Шығыс Қазақстанның салқын климаты бидайдың сапасына оң әсер етеді. Қазіргі таңда біздің өнім «Ақмарал» брендімен танымал. Сол себепті сападан ауытқымауға бар күшімізді саламыз, – дейді шикізатпен қамту бөлімінің қызметкері Дәулет Ауғанбаев.
Комбинат аумағында күзгі науқанда астық қабылданып, сұрыпталады. Жоғары сапалы тұқым бөлек сақталып, қажетті температурада ұсталады. Тазалау және зертханалық тексеруден кейін бидай диірменге жөнелтіледі. Бұл жерде жылына 32 мың тонна ұн және 4,5 мың тонна жем өндіріледі. Қоймада 48 мың тоннаға дейін бидай сақтауға мүмкіндік бар. Дайын өнім 25 және 50 килограмдық қаптарға салынып, тұтынушыларға жөнелтіледі.
КҮНІНЕ МЫҢ ҚАП
Кәсіпорын аумағынан тікелей теміржол өтеді, бұл өнімді экспортқа шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Шығыс Қазақстанда дәл осындай ірі көлемде ұн шығаратын жалғыз өндіріс орны – осы комбинат. Мұндағы бүкіл жұмыс автоматтандырылса да, шамамен 200 адам тұрақты қызмет атқарады.
Қаптау аппаратымен жұмыс істеймін. Ұн толған қаптың аузын тігіп, конвейерге жіберемін. Одан әрі жүк тиеушілер жинақтап отырады. Күніне мың қаптай өнім дайындаймыз, – дейді аппарат операторы Баршагүл Қамбетай.
Әсіресе күні бойы 50 килограмдық қаптарды таситын жүк көтерушілердің еңбегі ерекше. Мұндай ауыр жұмысқа лайықты еңбекақы төленеді. Көптеген жұмысшылар бұл комбинатта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Тіпті кейбірі зейнетке шыққан соң да жұмысын жалғастырып жүр. Жас мамандар да аз емес, олар көбіне маркетинг саласында еңбек етуде.
Ұнды Қазақстанның ірі наубайханалары мен макарон зауыттарына жеткізіп отырамыз. Бұдан бөлек, өнім Орталық Азия елдеріне де экспортталады. Қазіргі таңда Өзбекстан, Қырғызстан мен Ауғанстаннан сұраныс жоғары, – дейді сату бөлімінің басшысы Аслан Ибраимов.
Кәсіпорын аумағында үздіксіз қатынаған жүк көліктері мен теміржол вагондары сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Аптаның кейбір күндері тұрғындар комбинаттан төмен бағамен ұн сатып ала алады. Дегенмен өнімнің басым бөлігі көтерме көлемде сатылатындықтан, кішігірім қаптамада шығарыла бермейді. Ең бастысы — өнімнің сапасы тұрақты әрі жоғары деңгейде сақталып келеді.