Семейде табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланып, табыс тапқан адамдар тобы анықталды, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған адамдар жүйелі түрде жалған сертификаттарды пайдаланып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазып, оны саудалаумен айналысқан. Соның салдарынан жер қойнауына елеулі залал келтірілген.
Қылмыстық әрекетті әшкерелеуге заманауи цифрлық технологиялар мен стандарттан тыс тәсілдерді қолдану мүмкіндік берді. Заңсыз өндіру дерегін тіркеу мақсатында дрон көмегімен әуеден бақылау жүргізіліп, қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталды.
«Сергек» автоматтандырылған жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы құмның қазылған жерінен бастап, жүктелуі мен соңғы тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі бүкіл бағыты бақылауға алынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлілер Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банк, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет), 218-бабы 1-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру), 334-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (жер қойнауын өз бетінше пайдалану), 386-бабы 2-бөлігі (көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, сондай нөмірі жалған көлік құралын өткізу) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сот үкімімен екі адам бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, қылмыс құралы болған екі тиегіш тәркіленді.
Сонымен қатар мемлекетке келтірілген 272 млн теңгеден астам залал өндірілді. Талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.